Жаңалықтар
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірі мен шығармашылығын, еңбек жолын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақты ұлттық патриотизм мен еңбексүйгіштікке баулу арқылы жастардың шығармашылығын шыңдау, ары қарай дамуына жол ашу мақсатында Д.Қонаев орталығының ұйымдастыруымен «Қазақтың біртуар ұлы – Дінмұхамед Қонаев» атты облыстық шығармашылық байқауы өтеді.
Байқауға аудандық, қалалық білім беру ұйымдарының және облыстық білім басқармасына қарасты мекемелерден қатысады.
Байқау 3 бағыт бойынша өткізіледі:
1 бағыт: «Қазақтың біртуар ұлы – Дінмұхамед Қонаев» атты ғылыми жоба бағыты- ғылыми зерттеу жұмыстарын қорғайды.
2 бағыт: «Дара тұлға ізімен» атты эссе жазу- қазылар алқасы тарапынан ұсынылған тақырыпқа эссе жазады.
3 бағыт «Дана тұлға, дара тұлға – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» атты мүшайра бағыты-әр қатысушы өз шығармашылығынан өлеңді қазылар алқасына ұсынып, бір өлеңді жатқа оқиды.
Өтетін күні: 11 қараша 2026 жыл
Уақыты: 10:00
Өтетін орны: “Konaev smart schools” мектебінің ғимараты

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты А. Әшімов шығармашылық орталығында «Тараз» футбол клубының ойыншылары мен Тараз қаласындағы №45 мектеп-гимназиясының оқушыларына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында келушілерге Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер әрі режиссер Асанәлі Әшімовтің өмірі мен шығармашылық жолы таныстырылды.
Сонымен қатар қазақ киносы мен театр өнерінің тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер иесінің қайталанбас актерлік шеберлігі, сомдаған рөлдері мен кейіпкерлерінің көркемдік ерекшеліктері туралы кеңінен мағлұмат беріліп, орталық қорындағы құнды жәдігерлер таныстырылды.
Экскурсия соңында келушілер Жамбыл өңірінен шыққан көрнекті тұлғалар туралы танымдық білімдерін толықтырғандарын жеткізіп, тілек кітабына өздерінің жылы лебіздері мен ізгі тілектерін қалдырды.


Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің 2–3 курс студенттеріне «Музейде қауіпсіздік пен әдеп ережелерін сақтау» тақырыбында дәріс өткізілді.
Дәріс барысында студенттерге музейге келушілердің сақтауы тиіс жалпы қауіпсіздік талаптары мен әдеп ережелері кеңінен түсіндірілді.
Атап айтқанда:
Сыртқы киімдер мен сөмкелерді арнайы гардеробқа тапсыру;
Музей экспонаттарына қол тигізбеу;
Тыныштық пен қоғамдық тәртіпті сақтау;
Фото және бейнетүсірілім жасау тәртібін сақтау;
Көрме залдарында тамақ пен сусын тұтынуға жол бермеу;
Үй жануарларын музейге алып келу тәртібі;
Балалардың қауіпсіздігін қадағалау мәселелері қамтылды.
Сонымен қатар студенттерге «Заң мен тәртіп» идеологиясының маңыздылығы, музейдің қызметі, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудағы рөлі туралы мазмұнды ақпарат берілді.
Дәрістің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, музей мәдениетін қалыптастыру және тарихи құндылықтарға құрметпен қарауға тәрбиелеу.


Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты К.И. Скрябин музей-үйінде Тараз қаласындағы №42 орта мектептің 7–8 сынып оқушыларына «Ғылымдағы ғұмырым» атты танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында оқушылар академик К.И. Скрябиннің өмірі мен ғылыми қызметі, зерттеулері, гельминтология ғылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ ғылыми еңбектері туралы мол мағлұмат алды.
Сонымен қатар оқушыларға К.И. Скрябиннің магистрлік диссертациясын жазу барысында пайдаланған қолжазбалары таныстырылып, ғалымның ғылыми мұрасының маңыздылығы түсіндірілді.


Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен М. Мәметова атындағы №27 орта мектепте «Көне Тараз – тарих айнасында» тақырыбында жылжымалы көрме өткізілді.
Көрме экспозициясына көне Тараз қаласынан табылған археологиялық жәдігерлер, қазақ халқының этнографиялық мұралары, ер азаматтардың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған бұйымдары мен күмістен жасалған зергерлік әшекейлер қойылды.
Көрменің негізгі мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру және ата-бабадан аманат болып қалған құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрме барысында оқушыларға ұсынылған жәдігерлер арқылы ежелгі Тараз өңірінің тарихы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, дәстүрлі қолөнері мен зергерлік өнерінің өзіндік ерекшеліктері туралы мазмұнды ақпарат берілді.


Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залы мен Б. Момышұлы музейі №63 және №66 мектеп оқушыларына Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұловаға арналған «Шығыстың шолпан жұлдызы» тақырыбында музей сағатын ұйымдастырды.
Танымдық іс-шара барысында оқушыларға Әлия Молдағұлованың өмір жолы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдандағы ерлігі мен Отан қорғау жолындағы қайсарлығы туралы тағылымды мәліметтер ұсынылды. Сондай-ақ батыр қыздың ерлікке толы ғұмыры жас ұрпаққа өнеге ретінде насихатталды.
Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, батырларымыздың өшпес ерлігін ұлықтау, тарихи сананы жаңғырту және ел тарихына деген құрметті арттыру.



10 November 2026
0