Zhambyl Regional Historical and Local Lore Museum

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залы мен Бауыржан Момышұлы музейінің қызметкерлері 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне «Жамбыл жерінде жасақталған 105-ші атты әскер дивизиясының тарихы» тақырыбында танымдық таныстырылым өткізді.

Іс-шара барысында қатысушыларға 1941 жылы құрылған 105-ші атты әскер дивизиясының жасақталу тарихы, оның құрамындағы жауынгерлердің майдандағы ерлігі, Отан қорғау жолындағы жанқиярлық қызметі және ел тарихындағы орны туралы тарихи деректер мен құнды мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, дивизия құрамында шайқасқан жерлестеріміздің жауынгерлік жолы мен Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жан-жақты таныстырылды.

Таныстырылымның мақсаты – жас буынның тарихи санасын қалыптастыру, Отан тарихына деген қызығушылығын арттыру, батыр бабаларымыздың ерлік мұрасын насихаттау және әскери қызметшілердің бойындағы патриоттық рухты нығайту.

Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы тарихи жадыны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Батырларымыздың өшпес ерлігі мен өнегелі өмір жолы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызмет алушыларына арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында қатысушылар музей қорында сақталған бірегей тарихи жәдігерлермен, өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын айшықтайтын құнды экспонаттармен және көне дәуірлерден сыр шертетін археологиялық мұралармен танысты. Сонымен қатар, халқымыздың тарихы, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтары туралы жан-жақты мәлімет беріліп, жәдігерлердің тарихи-танымдық маңызы кеңінен түсіндірілді.

Танымдық шара қатысушылардың ұлттық тарих пен мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырып, тарихи құндылықтарды құрметтеуге және отансүйгіштік рухты қалыптастыруға ықпал етті.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Көркемсурет галереясында «Самұрық» мектебінің оқушыларына арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында оқушылар галерея қорында сақталған бейнелеу өнері туындыларымен танысып, қазақстандық қылқалам шеберлерінің шығармашылық мұрасы туралы жан-жақты мәлімет алды. Сондай-ақ әрбір туындының көркемдік ерекшелігі, идеялық мазмұны мен тарихи маңызы жөнінде кеңінен ақпарат берілді.

Тағылымды экскурсия жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттырып, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және ұлттық мәдени мұраны құрметтеуге ықпал етті.

6 шілде – Астана күніне орай Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде елорданың тарихи дамуы мен заманауи келбетін насихаттауға арналған «Астана – елімнің жүрегі» атты фотокөрме ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты – Қазақстан Республикасының елордасы Астананың қалыптасу тарихын, сәулеттік келбетін және еліміздің қоғамдық-мәдени өміріндегі маңызды орнын таныстыру.

Экспозицияда қаланың даму кезеңдерін, заманауи сәулет нысандарын, мәдени-көпшілік іс-шараларын және елорданың көрікті орындарын бейнелейтін фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Көрме келушілердің Астананың жетістіктері туралы танымын кеңейтіп, елге деген патриоттық сезімді нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

Іс-шара аясында музейге келген қала тұрғындары мен қонақтарына экскурсия жүргізіліп, көрме тақырыбына қатысты танымдық мәліметтер ұсынылды.

Астана күніне орай Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Көркемсурет галереясында «Art Club» балалар шығармашылық студиясының «Біз жасайтын әлем» атты балалар көрмесі өтті.

Көрмеде 3 пен 16 жас аралығындағы тәрбиеленушілердің 400-ге жуық шығармашылық жұмысы көпшілік назарына ұсынылды. Кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнер бағытындағы туындылар жас суретшілердің шығармашылық ізденісі мен көркемдік қабілетін айқын көрсетті.

Іс-шара барысында көрменің салтанатты ашылуы өтіп, қонақтар студия қызметімен танысты. Сонымен қатар, жас суретшілердің шығармашылық жұмыстары таныстырылып, белсенді тәрбиеленушілер Алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталды.

«Біз жасайтын әлем» көрмесі жас таланттарды қолдауға, балалар шығармашылығын насихаттауға және өскелең ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған тағылымды мәдени іс-шара болды.

Ұлттық домбыра күніне орай КМҚК «Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі» Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті аумағындағы «Домбыра» ескерткіші мен «Ш.Мұртаза» аллеясында «Ұлы даланың үні – домбыра» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты – қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын кеңінен насихаттау, дәстүрлі домбыра жасау өнерін, күйшілік және жыраулық дәстүрдің сабақтастығын дәріптеу, сондай-ақ ұлттық өнердің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын көпшілікке таныстыру болды.

Көрме барысында музей қорында сақталған тарихи-мәдени құндылығы жоғары бірегей домбыралар көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, Жамбыл Жабаевтың домбырасы үлгісінде жасалған домбыра, Кенен Әзірбаевтың домбырасы үлгісінде жасалған домбыра, Бауыржан Момышұлының 60 жылдық мерейтойына орай сыйға тартылған домбыра, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевқа тиесілі домбыра, республикалық «Асыл домбыра» телевизиялық жобасының бас жүлдесі ретінде табысталған домбыра және дәстүрлі үлгідегі қазақ домбырасы көрермендер назарына ұсынылды.

Сонымен қатар көрмеде Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Әбдімомын Желдібаев және Бауыржан Момышұлының портреттері қойылып, олардың қазақ мәдениеті мен ұлттық өнердің дамуына қосқан зор үлесі жөнінде мағлұмат берілді.

Көрме барысында келушілер домбыраның құрылымдық ерекшеліктерімен, дәстүрлі аспап жасау өнерінің қыр-сырымен, ұлттық музыкалық мұраның тарихи-мәдени маңызымен танысып, музей мамандарының мазмұнды түсіндірмелерін тыңдады.