Жаңалықтар
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай А.Әшімов шығармашылық орталығында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қонақтарына арналған «Ғибратты ғұмыр» тақырыбында арнайы танымдық экскурсия өтті.
Іс-шара барысында қонақтар ҚР Еңбек Ері, Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аңыз актер әрі режиссер Асанәлі Әшімұлының өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысты.
Экскурсияға қатысушылар өнер майталманының ғибратты ғұмыры, еңбек жолындағы өнегелі сәттері және қазақ киносы мен театр өнерін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі туралы тың ақпараттарға қанықты. Халықтың ыстық ықыласына бөленген тұлғаның шығармашылық әлемі қарттарымызға ерекше рухани азық сыйлады.


1 қазан Халықаралық қарттар күніне орай Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмір жолы мен елімізге сіңірген еңбектері, халқымызға жасаған игі істерін кеңінен таныстыру мақсатында Жамбыл облыстық №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарттарына «Қарттарын қадірлеген ел ардақты!» атты жылжымалы фото көрме өткізілді.


Еңбек күні қарсаңында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залы мен Б. Момышұлы музейі №26 Абай атындағы мектептің «Жас сақшы» сынып оқушыларына «Мылтықсыз майдан» тақырыбында танымдық іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында оқушыларға Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі, қиын-қыстау кезеңдегі табандылығы және Жеңіске қосқан үлесі туралы кеңінен айтылды. Тылда еңбек еткен аналар мен балалардың, қарттар мен еңбек майданындағы азаматтардың ерен еңбегі – бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Олардың қажыр-қайраты мен елге деген сүйіспеншілігі – тарихымыздың тағылымды беттері.
Шараның мақсаты – жас ұрпаққа тыл еңбеккерлерінің ерлігін дәріптеу, еңбекті құрметтеуге және тарихи мұраны қастерлеуге тәрбиелеу.



Ел дамуына үлес қосқан жандардың өнегелі жолы — кейінгі ұрпаққа тағылым. Олардың кәсіби қалыптасуы, атқарған қызметі мен жеткен жетістіктері ел тарихының маңызды бөлігі.
Осыған орай, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде Еңбек күніне арналған «Еңбекпен елге танылған» тақырыбында танымдық шара өтті. Оған Қаратау қаласының Қаратау құрылыс-техникалық және Қаратау технология білім және бизнес колледжінің 1-2 курс білімгерлері қатысты.
Білім алушылар музейдің 4-экспозициялық залындағы Қазақстанның Еңбек Ерлері Сайрамбай Дөненбаев пен Мұқаш Зұлқарнайұлы Искандировқа арналған экспозицияны тамашалап, тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты деректерді білді.
Сайрамбай Дөненбаев — ауыл шаруашылығы саласының маманы, кәсіпкер, меценат, Қазақстанның Еңбек Ері. 1965 жылы Жамбыл облысының қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылында дүниеге келген. Кәсіби жолын 1986 жылы Алғабас совхозында шопан болып бастап, кейін ферма меңгерушісі және зоотехник қызметтерін атқарды. 1997–2020 жылдары «Шаушен» шаруа қожалығын басқарды. 2018 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен және Алтын жұлдызымен, «Отан» орденімен марапатталды.
Мұқаш Зұлқарнайұлы Искандиров — Қазақстанның Еңбек Ері, химия өнеркәсібінің маманы, «Қазфосфат» ЖШС-нің бұрынғы Бас директоры. 1982 жылы Жаңа Жамбыл фосфор зауытында еңбек жолын бастап, өндірістік және басқарушылық лауазымдарда қызмет атқарды. 2005–2021 жылдары «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры болды. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және бірқатар мемлекеттік әрі салалық наградалармен марапатталған.
Шара барысында студенттер музей қорындағы тарихи материалдар арқылы аталған тұлғалардың кәсіби жолы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі жөнінде мағлұмат алды.



Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің Көркемсурет галереясында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, Қолөнершілер одағының мүшесі, суретші мүсінші, Аманқосов Қазым Бейсенұлының «Дала әуені» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Көрменің ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Мамытжанұлы Терлікбаев, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Ақылдос Тілеубайұлы Тәжиев, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Генадий Владимерович Тянь, Жамбыл облысы қолөнершілер одағы қоғамдық бірлестігінің басшысы Серік Бейсенов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Дала әуені» – автордың ұлттық өнерге деген көзқарасын, қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін шығармашылық тұрғыда бейнелеген туындыларынан құралған көрме. Экспозициядан халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, ұлттық аспаптары, ою-өрнегі, батырлар бейнесі мен табиғат көріністерін арқау еткен шығармаларды көруге болады.
Экспозицияға суретшінің 140 шығармасы қойылып, көрермен назарына ұсынылды.
Көрме 14 қазанға дейін жалғасады. Өнерсүйер қауым рухани әсер алып, көрмені тамашалауға мүмкіндік алады.




Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, Қолөнершілер одағының мүшесі, суретші мүсінші, Аманқосов Қазым Бейсенұлының «Дала әуені» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылуына шақырады.
Көрмеде суретшінің ұлттық рух пен дала болмысын айшықтайтын, мазмұны терең әрі көркемдік шешімі ерекше мүсін өнері туындылары ұсынылады.
Күні: 28 қыркүйек 2026 жыл
Уақыты: 15:00
Өтетін орны: Тараз қаласы, Төле би көшесі 18/4, «Көне Тараз» тарихи-этно-мәдени кешені, Көркемсурет галереясы
Баршаңызды мәдени шараға қатысуға шақырамыз!

01 October 2026
18