«ЕҢБЕКПЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛҒАН» ТАНЫМДЫҚ ЭКСКУРСИЯСЫ
Ел дамуына үлес қосқан жандардың өнегелі жолы — кейінгі ұрпаққа тағылым. Олардың кәсіби қалыптасуы, атқарған қызметі мен жеткен жетістіктері ел тарихының маңызды бөлігі.
Осыған орай, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде Еңбек күніне арналған «Еңбекпен елге танылған» тақырыбында танымдық шара өтті. Оған Қаратау қаласының Қаратау құрылыс-техникалық және Қаратау технология білім және бизнес колледжінің 1-2 курс білімгерлері қатысты.
Білім алушылар музейдің 4-экспозициялық залындағы Қазақстанның Еңбек Ерлері Сайрамбай Дөненбаев пен Мұқаш Зұлқарнайұлы Искандировқа арналған экспозицияны тамашалап, тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты деректерді білді.
Сайрамбай Дөненбаев — ауыл шаруашылығы саласының маманы, кәсіпкер, меценат, Қазақстанның Еңбек Ері. 1965 жылы Жамбыл облысының қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылында дүниеге келген. Кәсіби жолын 1986 жылы Алғабас совхозында шопан болып бастап, кейін ферма меңгерушісі және зоотехник қызметтерін атқарды. 1997–2020 жылдары «Шаушен» шаруа қожалығын басқарды. 2018 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен және Алтын жұлдызымен, «Отан» орденімен марапатталды.
Мұқаш Зұлқарнайұлы Искандиров — Қазақстанның Еңбек Ері, химия өнеркәсібінің маманы, «Қазфосфат» ЖШС-нің бұрынғы Бас директоры. 1982 жылы Жаңа Жамбыл фосфор зауытында еңбек жолын бастап, өндірістік және басқарушылық лауазымдарда қызмет атқарды. 2005–2021 жылдары «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры болды. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және бірқатар мемлекеттік әрі салалық наградалармен марапатталған.
Шара барысында студенттер музей қорындағы тарихи материалдар арқылы аталған тұлғалардың кәсіби жолы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі жөнінде мағлұмат алды.



29 September 2026
30