«ТҮРКІСТАНДЫ ТАНУ» АТТЫ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ КӨРМЕНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің Көркемсурет галереясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты Айнабек Мыңжасарұлы Оспановтың «Түркістанды тану» атты 70 жылдық мерейтойлық жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Көрменің ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Абирхан Абирханұлы Жанкулов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Жамбыл облыстық Суретшілер одағы филиалының төрағасы Болат Әнуәрбекұлы Хусайнов, еңбек ардагері Сағат Алдабергенұлы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің педагогика ғылымдарының докторы, профессор Медеубек Жұматайұлы Тәңірбергенов, сондай-ақ «Халық партиясы» Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Рахман Сейілханұлы Аққозиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Қонақтар суретшінің шығармашылығына жоғары баға беріп, оның ұлттық өнерді дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті.
Көрме барысында келушілер автордың туындыларымен танысып қана қоймай, әрбір шығарманың идеялық мазмұны мен тарихи-танымдық мәніне терең бойлады. Экспозицияда Түркістан өңірінің киелі орындары, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды бейнелейтін кескіндеме жұмыстар ұсынылған. Автордың туындыларынан қазақ халқының бай мәдениеті, табиғаты мен тұрмыс-тіршілігі айқын көрініс табады.
Суретші Айнабек Мыңжасарұлы Оспанов 1956 жылы 3 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Түлкібас ауданында дүниеге келген. Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының «Көркемсурет және графика» факультетін тәмамдаған. Ол ұзақ жылдар бойы бейнелеу өнері саласында еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосып келеді.
Суретші - халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», ҚР Суретшілер одағының «Үздік шығармасы үшін» төсбелгілерінің, «Астана қаласының 10 жылдығы», «ОҚО еңбек сіңіргені үшін» медальдарының және өзге де марапаттардың иегері. Оның шығармалары еліміздің әр өңіріндегі көрмелерде және халықаралық деңгейдегі мәдени шараларда кеңінен таныстырылған.
Шығармашылық ізденісті басты қағидасына айналдырған қылқалам шебері жыл сайын көптеген туынды жазып, өнер көкжиегін кеңейтіп келеді. Бүгінгі көрмеге автордың 75-ке жуық таңдаулы шығармасы қойылып отыр. Көрме өнерсүйер қауым үшін рухани байлық сыйлайтын маңызды мәдени шаралардың бірі.







29 April 2026
28