Zhambyl Regional Historical and Local Lore Museum

«ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ: КӨНЕ ТАРАЗ – ҚЫЛҚАЛАМ ӨНЕРІНДЕ!» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КӨРМЕ ӨТТІ

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Көркемсурет галереясында жергілікті суретшілердің «Ұрпақтар сабақтастығы: Көне Тараз – қылқалам өнерінде!» атты шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – Жамбыл өңірі суретшілерінің туындыларын көпшілікке таныстыру, дарынды қылқалам шеберлерін қолдау және бейнелеу өнері арқылы мәдени-рухани байланыстарды нығайту. Сонымен қатар көрме жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, отансүйгіштік сезімін оятуға, ұлттық мәдениетке деген құрметін арттыруға және галерея қорын жаңа өнер туындыларымен толықтыруға бағытталған.

Көрмеге Тәуелсіздік жылдарында бой көтерген сәулет нысандары, көне тарихи орындар, елге еңбегі сіңген танымал тұлғалардың портреттері мен туған өлке табиғатын бейнелейтін 70-ке жуық кескіндемелік туынды қойылды.

Тағылымды шараға Тараз суретшілер одағының мүшелері, әуесқой суретшілер мен арнайы шақырылған қонақтар қатысып, өнер туындыларын тамашалап, өзара пікір алмасты.