Zhambyl Regional Historical and Local Lore Museum

РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ БАЛАЛАР КӨРМЕСІ ӨТТІ

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Көркемсурет галереясында 25 қазан – Республика күніне орай Шу ауданы білім бөлімінің «Өнер мектебі» ұйымдастырған «Елім деп соққан жүрегім» атты балалардың көркемсурет және қолөнер туындыларының көрмесі өтті.

Көрмеге 6–16 жас аралығындағы жас өнерпаздардың 300-ге жуық шығармашылық жұмысы қойылды. Көпшілік назарына ұсынылған туындылардың қатарында ұлттық нақышта орындалған көркемсурет жұмыстары мен қолөнер бұйымдары бар. Балалардың шығармаларынан туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық құндылықтарға құрмет және шығармашылық ізденіс айқын көрініс тапты.

Көрменің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін ашу, олардың көркемдік қабілеттерін дамыту, педагогтер мен жас суретшілер арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, мәдениет пен эстетикалық талғамды қалыптастыру. Сонымен қатар көрме ата-аналарға балаларының өнердегі жетістіктері мен шығармашылық мүмкіндіктерін таныстыруға мүмкіндік берді.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде ұйымдастырушылар мен қонақтар жас өнерпаздарға ақ тілектерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Көрермендер балалардың еңбектеріне жоғары баға беріп, олардың өнерге деген қызығушылығы мен ұлттық мәдениетке деген құрметіне куә болды.

«Елім деп соққан жүрегім» көрмесі – жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік сезімді, ұлттық өнерге деген құрметті және шығармашылық қабілетті дәріптейтін тағылымды мәдени шара.