«ӨНЕРДЕГІ ҰСТАЗ ӨНЕГЕСІ» АТТЫ ЖЫЛЖЫМАЛЫ КӨРМЕ
Ұстаз – әрбір адамның жүрегіне білім нұрын сеуіп, өмір жолына бағыт-бағдар беретін асыл тұлға. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан ұстаздар қауымының еңбегі әрдайым абыройлы болсын!
5 қазан – Ұстаздар күніне орай Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты А.Әшімов шығармашылық орталығы №7 мектеп-гимназиясының оқушылары мен мұғалімдеріне «Өнердегі ұстаз өнегесі» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырды.
Көрме барысында ҚР Халық әртісі, Еңбек Ері, КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, көрнекті актер әрі режиссер А.Әшімовтің өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлер таныстырылды.
Сонымен қатар А.Әшімовтің қазақ өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, сомдаған сан алуан бейнелері және өнердегі өзіндік қолтаңбасы кеңінен әңгімеленді. Өнер иесінің Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясында ұстаздық етіп, жас шәкірттер тәрбиелегені де ерекше атап өтілді.
Көрме барысында оқушылар мен мұғалімдер жәдігерлерге қызығушылық танытып, қазақ өнерінің көрнекті тұлғасының өнегелі өмір жолымен жақынырақ танысты.



06 October 2026
21