Ұлттық домбыра күніне орай КМҚК «Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі» Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті аумағындағы «Домбыра» ескерткіші мен «Ш.Мұртаза» аллеясында «Ұлы даланың үні – домбыра» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты – қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын кеңінен насихаттау, дәстүрлі домбыра жасау өнерін, күйшілік және жыраулық дәстүрдің сабақтастығын дәріптеу, сондай-ақ ұлттық өнердің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын көпшілікке таныстыру болды.
Көрме барысында музей қорында сақталған тарихи-мәдени құндылығы жоғары бірегей домбыралар көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, Жамбыл Жабаевтың домбырасы үлгісінде жасалған домбыра, Кенен Әзірбаевтың домбырасы үлгісінде жасалған домбыра, Бауыржан Момышұлының 60 жылдық мерейтойына орай сыйға тартылған домбыра, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевқа тиесілі домбыра, республикалық «Асыл домбыра» телевизиялық жобасының бас жүлдесі ретінде табысталған домбыра және дәстүрлі үлгідегі қазақ домбырасы көрермендер назарына ұсынылды.
Сонымен қатар көрмеде Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Әбдімомын Желдібаев және Бауыржан Момышұлының портреттері қойылып, олардың қазақ мәдениеті мен ұлттық өнердің дамуына қосқан зор үлесі жөнінде мағлұмат берілді.
Көрме барысында келушілер домбыраның құрылымдық ерекшеліктерімен, дәстүрлі аспап жасау өнерінің қыр-сырымен, ұлттық музыкалық мұраның тарихи-мәдени маңызымен танысып, музей мамандарының мазмұнды түсіндірмелерін тыңдады.
05 July 2026
29 



