«ҚЫСҚА ҒҰМЫР» АТТЫ ТАҚЫРЫПТА ТАНЫМДЫҚ ЭКСКУРСИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қысқа ғұмыр» атты тағылымы мол танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Тарих және қоғамтану» білім беру бағдарламасының 2 курс білімгерлері қатысты.
Экскурсияның мақсаты – ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарының тарихи зардаптарын жас ұрпақ санасына сіңіру, жазықсыз құрбан болған азаматтардың өмірі мен тағдырын таныстыру, сондай-ақ тарихи жадыны жаңғыртып, отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу.
Экскурсия барысында музей қызметкерлері білімгерлерге сол кезеңге қатысты архивтік құжаттар, фотосуреттер, құнды жәдігерлер мен тарихи деректер туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, Алаш зиялыларының өмір жолы мен қоғамдық қызметі, қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің тағдыры жөнінде тағылымды әңгімелер айтылып, арнайы тақырыптық экспозиция таныстырылды.
Білімгерлер тарихи деректермен танысып қана қоймай, өткеннен тағылым алып, тәуелсіздік пен бейбіт өмірдің қадірін терең түсінуге мүмкіндік алды.
Іс-шара соңында қатысушылар музей ұжымына алғыстарын білдіріп, алған әсерлерімен бөлісті.


30 May 2026
23