Zhambyl Regional Historical and Local Lore Museum

ЕРКІН БАЗАРҒАЛИҰЛЫНЫҢ ЖЕКЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің Көркемсурет галереясында белгілі суретші, педагог, спорт шебері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Қайшыбек Еркін Базарғалиұлының «Ер атағын ел сақтар» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Аталған көрме қазақ халқының даңқты тұлғалары — алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығы мен грек-рим күресінен қазақ елінің атын әлемге танытқан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың 75 жылдық мерейтойына арналады.

Көрменің ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әбірхан Әбірбекұлы Жанқұлов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Мәдинет саласының үздігі, өнертанушы Айдархан Сихаев Әшімханұлы, Жамбыл облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Тәуірбек Қарауыптегі Әбітайұлы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Еркін Телахынов Біләлұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Көрмеде автордың 40-тан астам туындысы ұсынылып, онда ұлттық рух, тарихи тұлғалардың бейнесі және спорт тақырыбы көркемдік тұрғыда кеңінен көрініс тапқан. Әсіресе, Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған картиналар топтамасы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Көрме — өнер мен спортты ұштастыра отырып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды мәдени жоба ретінде ерекшеленді.

Көрме 20 мамырға дейін жалғасады. Өнерсүйер қауым рухани әсер алып, көрмені тамашалауға мүмкіндік алады.