ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІНЕ «ЕРТЕ ИСЛАМ ДӘУІРІ» МЕШІТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы», сондай-ақ Абай, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген жастар ресурстық орталықтарының өкілдеріне «Ерте ислам дәуірі» мешіті бойынша экскурсия жүргізілді.
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде көне Тараз қалашығынан VIII–IX ғасырларға жататын мешіттің орны анықталды. Ғалымдар оның күйдірілген кірпіштен салынғанын, құбыла бағыты дұрыс белгіленгенін және намаз оқуға арналған кең залы болғанын анықтады. Бұл деректер мешіттің ислам сәулетінің алғашқы үлгілерінің бірі екенін көрсетеді.
X–XII ғасырларда Қарахан мемлекеті тұсында ислам мемлекеттік дінге айналып, Таразда жаңа мешіттер, медреселер және кесенелер бой көтерді. Ерте ислам дәуіріндегі алғашқы мешіт кейінгі діни құрылыстардың қалыптасуына негіз болды. Ислам дінінің орнығуынан кейінгі жергілікті архитектуралық ескерткіштердің ең алғашқылары мешіттер болды. Алғашқы мешіттер батыстық араб үлгілері бойынша салынды.
Ерте ислам мешітінің орны 2005 жылы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылды. Қазба жұмыстары барысында VІІІ-Х ғғ мерзімделген несториан бағытындағы христиан шіркеуінің орны анықталды. Кейінірек жазба дерек негіздері бойынша Х-ХІІ ғғ мешіт болып қайта құрылғандығы дәлелденді. 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген нысан.



30 Шілде 2026
33