Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі

«GLOBAL STUDENT FORUM – 2026» ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА ТАНЫМДЫҚ ЭКСКУРСИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ұйымдастыруымен өткен «Жаңа буын ғылымы: зерттеулер, инновациялар және жаһандық сын-қатерлер» тақырыбындағы «Global Student Forum – 2026» халықаралық конференциясына қатысушы студенттерге танымдық экскурсия жүргізілді.

Экскурсияға алыс және жақын шетелдерден келген делегаттармен қатар, Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты.

Музейге саяхат барысында шетелдік және отандық студенттер Жамбыл өңірінің сан ғасырлық тарихымен, Көне Тараз қаласының археологиялық мұрасымен, этнографиялық жәдігерлерімен және ұлттық мәдениеттің құнды үлгілерімен танысты.

Қонақтарға Тараз қаласының Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи орны, өңірдің қалыптасу кезеңдері мен тарихи-мәдени мұралары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, музей қорындағы бірегей жәдігерлердің ерекшелігі мен тарихи маңызы түсіндірілді.

Халықаралық форум аясындағы мұндай мәдени-танымдық кездесулер шетелдік қонақтарға Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетін таныстыруға, сондай-ақ халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.