Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ КӨРМЕСІ ЖАМБЫЛ ЖЕРІНДЕ ӨТТІ

Бүгін Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Мәдени көпір: Түркістан мұралары» жобасы аясында «Ғасырлар үнін сақтаған мұра» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрме Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейтжан Рысбекұлының құттықтау сөзімен ашылды. Сонымен қатар Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Райхан Дәрменқызы, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары Мадияр Ералыұлының құттықтау сөздерін жеткізді.

Аталған көрмеде қазақ халқының көшпелі өмір тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналған этнографилық, зергерлік әшекей бұйымдар, ағаштан, теріден жасалған тұрмыстық көне заттар мен археологиялық жәдігерлері көрермендер назарына ұсынылатын болады. Сонымен қатар, көрме 7 бөлімнен тұрады.  Атап айтқанда, «Ежелгі Шауғар – Иасының бастауы», «Түркістан – Қазақ хандығының астанасы», «Түркістан облысы – көне қалалар мекені», «Өзбекәлі Жәнібековке – 95 жыл», «Этнографиялық жәдігерлер», «Түрленген Түркістан» және «Түркістан туралы кітаптар» бөлімдері өңірдің сан ғасырлық тарихын, рухани құндылықтары мен мәдени даму жолын кеңінен таныстырады.

 Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін құнды жәдігерлер топтастырылған көрме – тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени бастама. Сонымен қатар ол екі өңірдің рухани байланысын нығайтып, ортақ тарих пен мәдени құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізуге жол ашады.

 Айта кетейік, «Ғасырлар үнін сақтаған мұра» көшпелі көрмесі 23 қазанға дейін жалғасады. Көрме барша келушілерге Түркістанның бай тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.