Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі

«ТИФЛОМУЗЕЙ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЗАҒИП ЖАНДАР ҮШІН ЭКСПОЗИЦИЯЛЫҚ БҰРЫШ АШЫЛДЫ

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Даңқ» залында «Тифло-музей» жобасы аясында «Ерлік ұрпаққа мұра» тақырыбындағы «Қолыңмен ұстап, жүрекпен сезін» танымдық бұрышының ашылу салтанаты өтті.

Шара Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы, «Қазақ зағиптар қоғамы» мүшелері және №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылды.

Жаңа экспозицияда QR-код арқылы дыбыстық ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылып, келушілерге  тарихқа ерекше форматта саяхат жасауға жол ашылды. Арнайы жасақталған 20-ға жуық экспонат арқылы соғыс жылдарындағы жауынгерлер қолданған байланыс құралдары, медициналық жабдықтар, қару-жарақ және тұрмыстық заттар таныстырылды.

Келушілер жәдігерлерді қолмен ұстап, ерекше сезім арқылы қабылдап, тарихи танымын кеңейтті. Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.