Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі

«ТАРАЗ – ДӘУІРЛЕР КУӘСІ» АТТЫ ЖЫЛЖЫМАЛЫ КӨРМЕ АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА


 Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің 95 жылдығына орай Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тараз – дәуірлер куәсі» атты жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы өтті.

 Көрме ежелгі Тараздың бай тарихи-мәдени мұрасын таныстыруға және Жамбыл өңірінен табылған бірегей археологиялық жәдігерлерді көпшілікке насихаттауға бағытталған.

 Экспозицияда сақ дәуірінің алтын әшекейлері, жауынгердің дулығасы мен акинак семсері, Талас руникалық жазулары, ортағасырлық Тараздың теңгелері, қыш ыдыстар, шырағдандар, сфероконустар, сондай-ақ Айша бибі кесенесінің түпнұсқа кірпіштері мен сырлы қыш бұйымдары ұсынылды.

 Ашылу рәсіміне Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы Дәуешов Нұрғиса Мұратұлы, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мырзабек Құдайберлі Рахімбекұлы, БАҚ өкілдері, мәдениет қызметкерлері, зиялы қауым, облыс тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.

 Көрме екі өңір арасындағы мәдени байланысты нығайтып, ұлттық тарихи мұраны кеңінен дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени жоба болып табылады.