Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі

ҚАЗЫМ БЕЙСЕНҰЛЫНЫҢ ЖЕКЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің Көркемсурет галереясында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі,  Қолөнершілер одағының мүшесі, суретші мүсінші, Аманқосов Қазым  Бейсенұлының «Дала әуені» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрменің ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Мамытжанұлы Терлікбаев, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Ақылдос Тілеубайұлы Тәжиев, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Генадий Владимерович Тянь, Жамбыл облысы қолөнершілер одағы қоғамдық бірлестігінің басшысы Серік Бейсенов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Дала әуені» – автордың ұлттық өнерге деген көзқарасын, қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін шығармашылық тұрғыда бейнелеген туындыларынан құралған көрме. Экспозициядан халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, ұлттық аспаптары, ою-өрнегі, батырлар бейнесі мен табиғат көріністерін арқау еткен шығармаларды көруге болады.

Экспозицияға суретшінің 140 шығармасы қойылып, көрермен назарына ұсынылды.

Көрме 14 қазанға дейін жалғасады. Өнерсүйер қауым рухани әсер алып, көрмені тамашалауға мүмкіндік алады.