Түркістандық оқушылар “Даңқ” залына экскурсия жасады
Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Бауыржан Момышев бастаған ұжым – ұстаздар мен оқушылар – Тараз қаласындағы «Даңқ» залына тағылымды экскурсия жасады.
Экскурсия алдымен “Жеңіс” саябағында орналасқан даңқты қолбасшы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.
Сапар барысында қонақтарға «Даңқ» залында қойылған соғыс майдангерлерінің ерлікке толы өмір жолы кеңінен таныстырылып, тарихи деректер баяндалды. Сонымен қатар, екінші қабатта орналасқан Бауыржан Момышұлы музейімен танысып, батыр тұлғасына тереңірек үңілуге мүмкіндік алды.
Экспозицияда даңқты қолбасшының балалық шағынан бастап, майдан даласындағы ерлігі, соғыстан кейінгі қоғамдық қызметі мен бай шығармашылық мұрасы жан-жақты қамтылған. Көрмеге батырдың жеке заттары, сирек фотосуреттері, құнды қолжазбалары, марапаттары, әскери киімдері мен тарихи құжаттары қойылып, келушілерге ерекше әсер сыйлады.
Түркістаннан арнайы ат басын бұрудың басты себебі – есімі мектепке берілген батыр тұлғасын оқушыларға жақыннан танытып, оның өнегелі өмірінен тағылым алу.
Айта кетейік, экскурсия барысында алған әсер мен жаңа мәліметтер 24 сәуір күні Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай Түркістан өңірінде өтетін облыстық деңгейдегі семинарда ұсынылып, оқушылар өз ғылыми жобаларын қорғайтын болады.




08 апреля 2026
40