Жамбылский областной историко-краеведческий музей

«НАШАҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!» АТТЫ ТӘРБИЕ САҒАТЫ ӨТТІ

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «К.И. Скрябин музей-үйінің» қызметкерлері №42 орта мектеп оқушыларына «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында тәрбие сағатын ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі заттарын қолданудың алдын алу және жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыру.

Тәрбие сағаты барысында оқушыларға нашақорлықтың адам ағзасына, орталық жүйке жүйесіне, психологиялық және физикалық денсаулығына тигізетін кері әсері түсіндірілді. Сонымен қатар темекі, алкоголь, есірткі және синтетикалық заттардың зияны туралы айтылып, зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығы атап өтілді.

Оқушыларды спортпен шұғылдануға, шығармашылықпен айналысуға және бос уақытын тиімді пайдалануға шақырған мамандар нашақорлықтың жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға төндіретін қауіпті мәселе екенін жеткізді.