Жамбылский областной историко-краеведческий музей

«ҒАСЫРҒА ҚАДАМ: MUSEUM-95» «МУЗЕЙ ТҮНІ – 2026» МӘДЕНИ-БІЛІМ БЕРУ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

2026 жылғы 18 мамыр күні Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастыруымен Халықаралық музейлер күніне орай «Ғасырға қадам: MUSEUM-95» атты «Музей түні – 2026» мәдени-білім беру акциясы жоғары деңгейде өтті.

«Көне Тараз» этномәдени кешенінде өткен мерекелік шара музейдің 95 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани кеш сыйлады.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жолдаған құттықтау хаты оқылды.

Мерекелік кешке Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жүнісбай Ерлан Нұрманұлы қатысып, мәдениет саласының мамандарына Алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, музей ардагерлері мен өлкетанушыларға құрмет көрсетілді.

Кеш аясында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрының театрландырылған қойылымдар мен тарихи кейіпкерлер көріністері көпшілік назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, айтулы мерейтой аясында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты бірқатар мекемелер арнайы бағдарламаларын ұсынып, жасанды интеллект технологиялары негізінде дайындалған бейнероликтер мен танымдық жобаларды келушілер назарына ұсынды.

Атап айтқанда:
• Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы
• Тілдерді оқыту орталығы
• Д.А. Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы
• Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы.

«Музей түні – 2026» акциясы тарих пен тағылымды ұштастырған, ұлттық мұраны дәріптеген тағылымды мәдени кеш ретінде көпшілік көңілінен шықты.