Жамбылский областной историко-краеведческий музей

5513 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНЕ ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ ЭКСКУРСИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залы мен Бауыржан Момышұлы музейінің қызметкерлері 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне «Жамбыл жерінде жасақталған 105-ші атты әскер дивизиясының тарихы» тақырыбында танымдық таныстырылым өткізді.

Іс-шара барысында қатысушыларға 1941 жылы құрылған 105-ші атты әскер дивизиясының жасақталу тарихы, оның құрамындағы жауынгерлердің майдандағы ерлігі, Отан қорғау жолындағы жанқиярлық қызметі және ел тарихындағы орны туралы тарихи деректер мен құнды мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, дивизия құрамында шайқасқан жерлестеріміздің жауынгерлік жолы мен Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жан-жақты таныстырылды.

Таныстырылымның мақсаты – жас буынның тарихи санасын қалыптастыру, Отан тарихына деген қызығушылығын арттыру, батыр бабаларымыздың ерлік мұрасын насихаттау және әскери қызметшілердің бойындағы патриоттық рухты нығайту.

Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы тарихи жадыны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Батырларымыздың өшпес ерлігі мен өнегелі өмір жолы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.