Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі

 Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты А. Әшімов шығармашылық орталығында «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттау, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің білімгерлеріне полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлескен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

 Іс-шараға полиция майоры, Тараз қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Мәулен Дәулетұлы Жигитбаев, полиция капитаны, Тараз қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Ержан Нұрматұлы Есбай және полиция капитаны, Тараз қаласы ПБ жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Айдар Бақытұлы Джуандықов қатысты.

 Дөңгелек үстел барысында білімгерлерге заң талаптарын сақтау, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі жауапкершілік туралы түсініктер берілді.

Полиция қызметкерлері жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллинг, интернеттегі қауіпсіздік және қоғамдық орындардағы тәртіп мәселелеріне кеңінен тоқталды.

 Білімгерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау саласының мамандарымен пікір алмасты. Мамандар заңды білу мен оны құрметтеудің әр азамат үшін маңызды екенін атап өтті.

 Іс-шара соңында білімгерлерге А. Әшімов шығармашылық орталығының залдары бойынша экскурсия ұйымдастырылды.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде қала аумағындағы «Жас сақшы» полиция сыныптарының оқушыларына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың туған өлке тарихына қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік сезім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.

Экскурсияға 100-ге жуық оқушы қатысып, музейдің экспозициялық залдарымен танысты. Жас сақшыларға Жамбыл өңірінің ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі тарихы, мәдениеті мен дәстүрі туралы ақпарат беріліп, музей қорындағы тарихи жәдігерлердің маңызы түсіндірілді.

Танымдық кездесу барысында оқушылар туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысып, ұлттық құндылықтар мен тарихи жәдігерлерді дәріптеудің маңызын түсінді. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, туған жерге деген құрметін арттыруға бағытталған.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің шет тілі мамандығының 3-курс білімгерлеріне «Ұлттық құндылықтар – ұрпақ тәрбиесінің негізі» тақырыбында танымдық дәріс өтті. 

Дәріс барысында халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ана тілі, ұлттық өнері мен мәдени мұрасының маңызы туралы кеңінен ақпарат беріліп ұлттық құндылықтардың жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырудағы және рухани тәрбиесіндегі орны жайлы айтылды. 

Білімгерлерге музей қорындағы тарихи-этнографиялық жәдігерлер мысалында халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті таныстырылды.

Кездесу барысында білімгерлер тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салып, ұлттық мұраны сақтау, дәріптеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері бойынша пікір алмасты.

Танымдық дәрістің негізгі мақсаты – жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, тарихи-мәдени мұраны құрметтеуге тәрбиелеу және өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, ұлттық рухты дәріптеу.

Отбасы күніне орай Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тараз қаласындағы №6 орта мектеп оқушыларына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында оқушылар музей экспозицияларымен танысып, Жамбыл өңірінің тарихы, ұлттық салт-дәстүрлері мен отбасылық құндылықтары туралы мағлұмат алды. Сонымен қатар музей қорындағы отбасылық жұптарға тиесілі тұрмыстық бұйымдар мен жеке заттарды тамашалап, олардың тарихы мен қолданылуы жөнінде ақпарат тыңдады.

Ата-анаға құрмет, үлкенді сыйлау, отбасындағы өзара сыйластық пен ұрпақтар сабақтастығының маңызына тоқталып, ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын дәріптеу арқылы жас ұрпақтың туған өлке тарихына қызығушылығын арттыруға мән берілді.

Отбасы күніне орай аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың елімізге сіңірген зор еңбегі мен халқымызға жасаған игі істерін насихаттау мақсатында Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясының оқушыларына «Отбасы бақыт мекені!» атты экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында оқушылар Д.А. Қонаевтың отбасы, балалық шағы, еңбек жолының басталуы, ел басқарудағы көреген саясаты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі туралы жан-жақты мәлімет алды. Сонымен қатар оның ғылым мен білім саласын дамытудағы еңбегі, қарапайымдылығы, кішіпейілділігі мен жастарға деген ерекше қамқорлығы жайында тағылымды деректер айтылды.

Астана төрінде Жамбыл облысының мәдениеті мен өнерін кеңінен танытқан «Асқақ рухы – Әулиеата» атты көрме-жәрмеңкесі өтті.

Көрме аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Көркемсурет галереясының қорынан өңір суретшілерінің таңдаулы қылқалам туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар келушілерге қазақ халқының мәдени мұрасы, дәстүрлі тұрмысы мен қолөнері кеңінен таныстырылды. Табиғи материалдардан жасалған ұлттық бұйымдар қатарында былғары және ағаштан жасалған ер-тұрман, ат әбзелдері, күміс әшекейлер, құйылмалы қыш құмыралар, ағаш ыдыс-аяқтар және басқа да дәстүрлі қолөнер туындылары қойылды